Өзбекстан ШЫҰ жаттығуына қатыспайды

Өзбекстан Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) маусымда Тәжікстанда өтетін әскери жаттығуына қатыспайды деп хабарлады Тәжікстанның қорғаныс министрлігі.

Министрліктің баспасөз хатшысы Фаридун Махмадалиевтің мәлімдеуінше, өзбек әскерлерінің "Бейбіт миссия-2012" деп аталатын жаттығуға қатыспайтыны өткен аптада ШЫҰ өкілдерінің кездесуінде белгілі болған.

Маусымда Тәжікстанның солтүстігіндегі Чорукдарон полигонында терроризмге қарсы күрес бойынша әскери оқу-жаттығу өтпек. Оған ұйымға мүше Ресей, Қытай, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан әскерилері қатысуы тиіс.

Ұйымға мүше Өзбекстан бұған дейін де ұйымның әскери оқу-жаттығуларына қатысудан бас тартып келген.

Өзбекстан мен Тәжікстанның қарым-қатынасы да бірнеше жылдан бері нашарлап кетті.