Ливияның уақытша үкіметі Муаммар Каддафидің бұрынғы барлау қызметінің басшысы Абдулла әл-Сенуссиді елге қайтаруды сұрады. Әл-Сенусси наурыздың 16-сы күні Мавританияда қамауға алынған болатын.
Ливияның Ұлттық өтпелі кеңесінің өкілі Сенуссиді өз еліне экстрадициялап, сотқа тарту қажеттігін алға тартқан. Бірақ, Сенуссиге Халықаралық қылмыстық сот та "адамзатқа қарсы қылмыс жасады" деген айып бойынша іздеу жариялаған еді.
Франция билігі Сенуссиді 1989 жылғы ұшаққа жасалған шабуыл кезінде қаза тапқан 170 адамның өліміне айыпты ретінде жазаға тартқысы келеді.
Мавритания болса, экстрадиция туралы талаптарды қарастырмай тұрып жеке тергеу жүргізетінін мәлімдеді. Жергілікті билік өкілдері Сенуссиді Нуакшот қаласына Мороккодан ұшып келген бойы тұтқындағандарын айтады. Сенусси Ливиядан Каддафи режимі құлағасын былтыр қашып шыққан болатын.