Пхеньян жаңа жетекшіні қолдай түсуге шақырды

Солтүстік Корея үкіметі халқын жаңа саяси жетекшісі Ким Чен Ынды қолдап шығуға үндеді. Бұған дейінгі ел басшысы Ким Чен Ирдің қазасын 100 күн жоқтау шарасының аяқталуына байланысты 25 наурызда Пхеньянның орталық алаңына ондаған мың адам жиналды.

Аза тұту рәсімінің аяқталуы Солтүстік Кореяның ғарышқа ұзақ қашықтыққа арналған зымыран арқылы спутник ұшыру жоспарымен тұспа-тұс келді. АҚШ бұл жоспар жүзеге аса қалса азық-түлік жәрдемін беру туралы келісімнің бұзылатынын айтып ескертті.

Вашингтон мен Пхеньянның арасында жасалған келісім-шартқа байланысты Солтүстік Корея ядролық қаруы мен зымырандарын сынауға мораторий жариялауы тиіс еді. Мұның есесіне Вашингтон тегін азық-түлік жіберуге міндеттенген.

25 наурызда АҚШ президенті Барак Обама Оңтүстік Кореяға шеккен ресми сапарының барысында екі Корея арасындағы шекараны көріп қайтты.