Норвегияда исламшыл белсенді сотталды

Күрдтің исламшыл "Ансар әл-Ислам" ұйымын құрған Молла Крекар.

Норвегия соты Иракта туған исламшыл белсенді Молла Крекар (шын аты - Фарадж Ахмед Нәжмеддин) деген азаматты бұрынғы норвег министрінің өміріне қауіп төндірді деген айыппен бес жылға соттады.

Бірақ Молла Крекар соттың шешіміне шағым түсіретінін айтады.

Крекар Ирак күрдтерінің "Ансар әл-Ислам" радикалды исламшыл ұйымын құрған. Бірақ ол ұйым басшылығынан 2002 жылы түсіп қалғанын айтты және "әл-Қаидамен" байланысы болғанын жоққа шығарды.

Крекар Норвегияға 1991 жылы босқын ретінде келген. Кейін Иракқа депортацияланған. Бірақ Иракта басына қауіп төнгендіктен Норвегияда қалып қойды.

"Ансар әл-Исламды" БҰҰ мен АҚШ террористік ұйым деп есептейді.