АҚШ-тың ескертуі тұсында Қазақстан Иранға бидай сатып жатыр

Ақтау портындағы "Ақ бидай" терминалы. 15 наурыз 2012 жыл

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Қазақстан Ақтау портындағы "Ақ бидай" терминалынан соңғы екі апта шамасында Иранға 30 мың тонна бидай сатып үлгірген. Ал 27 наурызда Душанбеде өткен аймақтық жиын кезінде АҚШ мемлекеттік хатшысының өкілі Роберт Блейк аймақ елдерін Иранмен сауда жасамауға үндеген.

Наурыздың 29-ы күні Reuters ("Рейтерз") агенттігі таратқан ақпаратқа қарағанда, наурыз айының ортасынан бастап Ақтау портындағы қазақстанның жалғыз "Ақ бидай" астық терминалынан Иранға бидай мен арпа жөнелтіле бастаған. Бұл туралы агенттікке "Ақ бидай терминалы" акционерлік қоғамы төрағасының орынбасары Еркін Делманов айтқан. Өкілдің айтуынша, наурыздың 16-сынан бері Иранға 30 мың тонна бидай жіберілген.

Reuters-тің жазуынша, халықаралық санкциялардың құрсауында қалған Иранның жеке кәсіпкерлері жақын орналасқан Қазақстанмен сауда жасауға мәжбүр. Қазақстан жағы оларға алдын-ала қолма-қол ақша арқылы төлеуді міндеттеп жатыр.

ҚОЛМА-ҚОЛ АҚША ТӨЛЕТУ

Агенттіктің мәліметі бойынша, Қазақстанның ауыл шаруашылық вице-министрі Мүсілім Өмірәлиев соңғы жылы рекордтық көрсеткіш - 27 миллион тоннаға жеткен мол астықты экспорттауға барын салып жатыр. Иранға осы маусымда жарты миллион тонна бидай сату жоспарланған.

"Ақ бидай" терминалының өкілі сәуірдің 15-іне дейін Иранға жөнелтілетін дәнді дақылдардың жартысы - бидай, жартысы - арпа екенін, бірақ одан кейін тек бидай жіберілетінін айтқан.
Жекеменшік ирандық диірмендер санкцияға қатысты туған төлем жасау проблемаларына қатысты шикізатқа қолдары жетпей, жұмыстары тоқтап қалудың алдында тұр.
"Қазақ бидайын алып жатқан жекелеген Иран сатып алушылары бар. Санкцияларды айналып өту үшін олар қолма-қол ақша төлеп жатыр. Мұндай астық порцияларының көлемі аз, негізінен 6 мың тоннаның төңірегінде" дейді еуропалық сатып алушылардың бірі Reuters-ке.

"Жекеменшік ирандық диірмендер санкцияға қатысты туған төлем жасау проблемаларына қатысты шикізатқа қолдары жетпей, жұмыстары тоқтап қалудың алдында тұр" деген еуропалық сатып алушы.

Сауда жасаушылардың айтуынша, бидайдың кемеге тиелген сәттегі бір тоннасының құны 260 АҚШ долларына тең. Египет Аргентина мен АҚШ бидайын осы шамада сатып алып отыр.

ЖАЗ ШЫҒА САУДА ҚЫЗБАҚ

Сатып алушылардың бірі Reuters-ке Каспий теңізіндегі навигациялық ахуал жақсарған сайын Қазақстан бидайын ирандық жекеменшік және мемлекеттік кәсіпорындар көптеп сатып ала бастайды деген болжам айтады.

Екінші бір сатып алушы Қазақстан тарапының ирандықтарды қолма-қол ақшаға сауда жасауға міндеттеп жатқанын хабарлаған. Оның айтуынша, қолма-қол ақшаға ары кетсе 60 мың тонна бидай алуға болады. Ал оның бағасы бір жарым миллион АҚШ долларына жетеді.
Санкциялар бойынша Иранның доллар және евро валюталары негізіндегі қаржылық операциялары шектелген.
Reuters мақаласының екінші бөлігінде АҚШ пен Еуропа Одағы енгізген санкциялар Иранның ядролық бағдарламасын дамыту әрекетін жазалау екенін ескертіп өтеді. Санкциялар бойынша Иранның доллар және евро валюталары негізіндегі қаржылық операциялары шектелген.

Агенттікке мәлімет берген еуропалық сатып алушының айтуынша, санкциялар күшейсе де, Иран үшін Қазақстан сауда әріптесі болып қала береді. Өйткені екі ел географиялық жағынан жақын орналасқан, әрі Қазақстан мол астығын тезірек саудаға шығаруды ойлайды.

АҚШ ИРАНМЕН САУДА ЖАСАМАУҒА ШАҚЫРАДЫ

Мемлекеттік "Азық-түлік корпорациясына" қарайтын "Ақ бидай" терминалы былтырғы қыркүйектен бері Иранға 330 мың тонна арпа сатып үлгірген. Биылғы маусымда осы айлақ арқылы терминал шетелге 15 миллион тонна дәнді дақыл экспорттауды жоспарлап отыр. Астана Каспий жағасындағы екінші астық терминалын 2015 жылға дейін салмақшы деп жазады Reuters.
АҚШ аймақтың барлық елдерін Иранмен сауда-саттық және басқа да қарым-қатынастардан бас тартуға шақырады. Осылайша Иранды қысымға алып, ядролық бағдарламасына қатысты әлемдік қауымдастықтың ұстанымымен санасуға мәжбүрлеу керек.
Ал наурыздың 27-сі күні Душанбеде Ауғанстан мәселесін реттеуге байланысты аймақтық экономикалық ынтымақтастық конференциясында АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия бойынша өкілі Роберт Блейк аймақ елдерін Иранмен сауда жасаудан тартынуға шақырған еді.

Интерфакс агенттігінің хабарлауынша, Блейк: "АҚШ аймақтың барлық елдерін Иранмен сауда-саттық және басқа да қарым-қатынастардан бас тартуға шақырады. Осылайша Иранды қысымға алып, ядролық бағдарламасына қатысты әлемдік қауымдастықтың ұстанымымен санасуға мәжбүрлеу керек" деп мәлімдеген болатын.