Жаңаөзен митингісі үшін қамалған тағы екі адам босатылды

Суретші Қанат Ибрагимов (сол жақта) наразылық акциясында сөйлеп тұр. Алматы, 28 қаңтар 2012 жыл.

8 сәуір күні кешке Алматыдағы Жаңаөзен оқиғасының 100 күндігіне арналған митингіге қатысқаны үшін 15 күнге қамалған суретші Қанат Ибрагимов пен белсенді Қайрат Ердібаев босатылды.

Азаттық радиосының тілшісіне Қанат Ибрагимов:

- 1986-шы жылдан 26 жыл өткеннен кейін өзімнің азаматтық ұстанымымды білдіре алғаныма разымын. Мен өзімнің дұрыс жолда екендігіме сенімдімін. Әділдік пен гуманизм міндетті түрде жеңіп шығатындығына сенемін, - деді.

Ибрагимов 28 наурызда Алматыдағы Жаңаөзен оқиғасының 100 күндігіне арналған митингіні жүргізген болатын. Сол күні кешке оны полиция алып кетіп, сот 373-баптың негізінде 15 тәулікке қамау туралы шешім шығарған. Белсенді бұл шешімге наразылық ретінде абақтыда аштық жариялағанын мәлімдеген болатын.

- Денсаулығым жақсы, тек аздап салмақ жоғалтқаным болмаса, - деді Ибрагимов.

Осы күні түсте босап шыққан қоғам белсендісі Қайрат Ердібаев өзінің саяси көзқарасы еш өзгермегендігін айтады.

Жексенбі күні Азаттық тілшісімен сөйлескен Ердібаев:

- Бүгінгі саяси жүйе өзгермей мен де көзқарасымды өзгертпеймін. Егер жағдай осылай бола берсе, бұл жақсылықпен бітпейді. Себебі биліктің өзі халықты орға итеріп жатыр. Бұл жағдайда қоян да, тышқан да өз-өзін қорғайды. Жоқ дегенде тырнай біледі, тістей біледі. Оған қарағанда біз адамбыз, біз халықпыз! - деді.

28 наурызда Алматының мамандандырылған ауданаралық соты Қайрат Ердібаевты Алматыда өткен «митингіні ұйымдастырушы» деп танып, 373-баптың 3-ші тармағы бойынша 15 тәулікке қамау туралы шешім шығарған еді.