Иранға қатысты келіссөздер Стамбулда өтеді

Еуроодақтың сыртқы саясат бойынша жоғарғы комиссары Кэтрин Эштон.

Иранның ядролық бағдарламасы бойынша кезекті келіссөздер 14 сәуірде Стамбулда (Түркия) өтетін болды. Бұл жайында дүйсенбіде Еуропа Одағының сыртқы саясат бойынша жоғарғы комиссары Кэтрин Эштон хабарлады.

Келіссөзге БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты бес мүшесі мен Германия қатысады. Иран жағы о баста келіссөзді Иракта өткізуге тырысқан.

Тегеранның ядролық бағдарламасы бойынша бұған дейін де Стамбулда өткен келіссөздер нәтижесіз аяқталған болатын. Тараптар тіпті келесі келіссөздің қашан және қайда болатынын да келісе алмаған.

Батыс елдері "әскери мақсатқа қолданылуы мүмкін" деп Иранан уран байытуды тоқтатуды талап етіп келеді. Тегеран болса уранды тек бейбіт мақсатта байытатынын айтады.