Саудиялық ханшайым елі туралы ашық пікір айтты

Күннің тұтылуын көзәйнектен қызықтап қарап тұрған сауд арабиялық әйел. Джидда, 15 қаңтар 2010 жыл

BBC («Би-Би-Си») сәуірдің 10-ы күні Сауд Арабиясының бұрынғы королінің қызы Басма бинт Сауд бин Абдулазиздің комментариін жариялады. Лондонда тұратын саудиялық ханшайым өз еліндегі көптің көзінен таса қызықты жайттар мен мәселелерді ашып көрсетеді.
Ханшайым ойларын әкесінің «елге жасаған жақсылықтарын» еске алудан бастаған. «Әкем біздің елде тұңғыш рет әйелдер университетін ашты. Құлдықты жойды. Ол король мен премьер-министрдің міндеттерін айқындап тұратын конституциялық монархия орнатпақшы болды. Сүйікті отанымның әуелдегі уәделерін сол күйі орындамағаны өкінішті-ақ» деп жазады Басма.

Ханшайым өзі «бекзат һәм жомарт» деп сипаттаған елі дәл қазіргі уақытта ең негізгі азаматтық заңдарға мұқтаж деп санайды.

КОНСТИТУЦИЯ ЖӨНІНДЕ

Басма ханшайым: «Мен заң алдында ер мен әйелге тең қарайтын конституцияны көргім келеді. Жаңа конституция біздегі азаматтық заңдар мен саяси мәдениеттің де дамуына қызмет етуі керек» дейді.

Ханшайымның жазуынша, қазір Сауд Арабиясының соты жекелеген адамдар жасаған Құран тәпсіріне қарап үкім шығарады. Сот шешімі универсалдық қағидалар мен бекітілген конституцияға емес, үкім оқитын соттың жеке басының сенімі мен тәрбиесіне тәуелді.

Ары қарай Басма: «Мен батыстық білім беру жүйесіне шақырып отырғам жоқ. Оны біздің мұқтаждықтар мен мәдениетімізге ыңғайлап алуға шақырам. Біздің конституция Құран философиясымен байытылуы керек. Сонда ғана оның мызғымас принциптеріне қазіргідей жеке адамның көзқарастары араласып кетпес еді» деп жазады.

АЖЫРАСУ ҚҰҚЫҒЫ ТУРАЛЫ

Ханшайым Саудиядағы ажырасқысы келетін әйел арызданған кезде ұшырасатын сан түрлі тауқымет туралы біршама ақпарат берген. Әйелдерді ажырастырмас үшін алтыдан асқан баланы сот әкесімен қалдыруға бір жақты үкім шығарады. Басманың пікірінше бұл заң – Құран үкіміне қарсы.

Оның сөзінше, Сауд Арабиясындағы әйелдер ажырасқысы келсе не ондаған мың доллар пара беруі керек, я куәгер табуы тиіс.

БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІ ЖАЙЛЫ

Ханшайым Саудиядағы білім беру жүйесінің де түбегейлі өзгергенін қалайды. Оның ойынша, әйелдерге қатысты мешеу көзқарас мектепте оқып жүргенде-ақ қалыптасады. Ұстаздар мектеп оқушыларына: «Егер әйелі еріне бағынбаса, періштелер оны қарғайды» деген хадисті жаттатады. Қыз балалар дене шынықтыру сабағына мүлде қатыспайды. Осының бәрі Құранды теріс тәпсірлегеннің кесірі дейді ханшайым.

Басманың ойынша, мектеп пәндерінің көбі шариғат туралы. «Сендерді діннен басқа ғылым пейішке кіргізе алмайды» деп фикх (мұсылмандық құқық) пен тафсирді (Ислам ғұламаларының Құран мағынасын түсіндіруі) догма түрінде жаттата беру жастар санасын тежеп, оларды түрлі фундаменталистік идеологияларға бейімдейді. Басманың ойынша, еркін ойлау мен жасампаздық қасиеттерін ұштай түсу үшін жастар жаңа заманның ғылымын үйрену керек.

ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ САЛАСЫ

Ханшайымның пікіріне қарағанда Сауд Арабиясының әлеуметтік істер министрлігі әйелдерді қорғаудың орнына қорлап отыр. Отбасында қорлық тартқан әйелдердің бас сауғалайтын орталығы да сол жер. Басшылар оларға пана болудың орнына керісінше «отбасының абыройын төгіп, туыстарын масқара қылды» деп айыптайды.

Басманың сөзінше, осындай жан-жақты қысымға төзбеген кейбір көзі ашық, сауатты келіншектер өздеріне қол жұмсайды. Ол: «Болашақта бізге отбасының дәстүрлі заңдарын бұзып, зорлық көрген әйелдерді қатігез ерлерінен қорғайтын тәуелсіз сот керек» деп жазады. Басма әлеуметтік істер министрін елдегі кедейшілікке де жауапты деп санайды. Оның ойынша, жемқорлықтың кесірінен әлемдегі ең бай елдердің біріндегі халықтың 50 пайызы кедей өмір сүреді.

МАХРАМ МӘСЕЛЕСІ

Басма Саудиядағы әйелдердің туысқан ер адамсыз үйінен ұзап шыға алмайтынына қарсы. «Пайғамбар заманында құм далада толып жүрген қарақшылардан қорғану керек болды. Қазір бұл заң әйелдердің жүріп-тұруын шектеу үшін ғана керек» деп санайды ол.

Мақаласының соңында Басма әйелдердің көлік айдау құқығы туралы да жазады. Оның ойынша, биліктің қыз-келіншектерге көлік айдауға рұқсат бермеуі дұрыс емес. Бірақ дәл қазір бұл шектеуді алып тастаудың да қажеті жоқ. Себебі елдегі мынадай ахуалда жалғыз өзі көлік жүргізіп келе жатқан әйелді ұстап алып, қорлауы да мүмкін деп санайды ол. Басманың көзқарасы бойынша әйелдерді мұндай тұрпайылықтан қорғайтын заңдар күшеймейінше және ерлердің сана сезімі өспейінше бұл заңды өзгертудің қажеті жоқ.