Дамаск: Аннанның талаптары орындалады

АҚШ президенті Барак Обама.

Бейсенбі күні Сирияда қақтығысты реттеу туралы жоспар күшіне енді. Әлемнің жетекші елдері Дамаскіні халықаралық бейбіт жоспардың шарттарын толық сақтауға шақырды.

АҚШ және Франция президенттері Барак Обама мен Николя Саркози Кофи Аннанның алты тармақтан тұратын жоспарын ары қарай жүзеге асыру керек деген тоқтамға келді. Телефон арқылы сөйлескен президенттер қантөгісті тоқтатуға бар күшін салуға, оның ішінде мәселені БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің деңгейінде шешуге келісті.

Ресейдің БҰҰ-дағы өкілі Виталий Чуркиннің айтуынша, Мәскеу де Аннанның жоспарын толық қолдайды. Қытайдың БҰҰ-дағы өкілі Ван Миннің мәлімдеуінше, Сирия үкіметі толқу болып жатқан қалалардан әскерді шығаруы тиіс.

Сирия үкіметі болса, Кофи Аннанның талаптарының барлығын орындайтынын және көтерілісшілерді қақтығысты тоқтату туралы келісімді бұзған жағдайда айыптайтынын мәлім етті.