АҚШ Минскіні саяси тұтқындарды босатуға шақырды

Дмитрий Бондаренконың түрмеден босатылған сәті. Беларусь, Минск, 15 сәуір 2012 жыл.

АҚШ үкіметі Беларусь билігінің оппозициялық саясаткерлер Андрей Санников пен Дмитрий Бондаренкоға рақымшылық жасап, қамаудан босатуын құптап, түрмедегі өзге саяси тұтқындарды да босатуға шақырды.

Санников пен Бондаренко 2010 жылы президент сайлауынан кейінгі митингілерге қатысқаны үшін ұзақ мерзімге сотталған. Президент Александр Лукашенко оларға өткен аптада рақымшылық жасады.

АҚШ мемлекеттік департаменті таратқан мәлімдемеде "Адам құқықтары мен демократияға құрмет көрсету АҚШ пен Беларусь арасындағы қарым-қатынасты жақсартудың маңызды факторы" деп жазылған.

Беларусь белсенділерінің айтуына қарағанда, түрмеде әлі 10 саяси тұтқын отыр. Олардың арасында Беларусь президенттігіне бұрынғы үміткер Николай Статкевич те бар.