Карзай АҚШ-тан қаржы бөліп отыруды сұрады

Ауғанстан президенті Хамид Карзай мәлімдеме жасап тұр. Кабул, 17 сәуір 2012 жыл.

"АҚШ 2014 жылы Ауғанстаннан әскерін шығарған соң ауған үкіметіне жыл сайын кемінде екі миллиард АҚШ долларын бөліп отыруы керек" деп мәлімдеді Ауғанстан президенті Хамид Карзай.

Ол АҚШ үкіметі қазір Вашингтон мен Кабул арасында жүріп жатқан ынтымақтастық келісімі бойынша Ауғанстанға қанша қаржы бөлетінін нақты анықтауы тиіс екенін айтты.

Ауған үкіметі қазір Вашингтонмен түрмелерге бақылауды өз қолына алуға және түнгі рейдтерді тоқтатуға келісім жасасты. Екі жақ та 2014 жылдан кейінгі АҚШ пен Ауғанстанның қарым-қатынасын айқындайтын келісімге мамырда Чикагода өтетін НАТО саммитіне дейін қол қойылады деп үміттенеді.

Карзай мәлімдемесінде "Талибанға" қарата "олар жүргізіп жатқан шабуылдар халықаралық коалицияның елде қалу мерзімін қайта ұзартпаса, қысқартпайды" деп ескертті.