Египетте шерушілерге шабуыл жасалды

Каирде Сауд Арабиясы елшілігінің алдында болған шеру. Египет, 24 сәуір 2012 жыл. (Көрнекі сурет).

Египет астанасы Каирде әскери билікке қарсылық ретінде қорғаныс министрлігінің жанында бірнеше күннен бері шатыр тігіп жатқан шерушілерге белгісіз адамдар шабуыл жасады. Оқиғадан 5 адам қайтыс болды, 50 адам жараланды деп хабарлайды белсенділер, дәрігерлер мен қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері.

Сәрсенбі таңертең болған қақтығыста шерушілер мен белгісіз топ бір-біріне жанғыш бөтелке мен тас лақтырған.

Каирде өткен сенбіден бері әскери элитаның биліктен кетуін талап еткен акциялар өтіп жатыр.

Кейбір мәліметтерге қарағанда, шерушілердің көпшілігі - президенттік сайлаудан шеттетілген әсіре консервативті салафиттік партия жетекшісінің жақтастары.

Египетте 2011 жылы ақпанда Хосни Мүбәрәк биліктен кеткен соң басқаруды қолына алған әскерилер мамырдың соңында болатын президент сайлауынан соң билікті тапсыруға уәде беріп отыр.