Кэмп-Дэвидте "Үлкен сегіздік" саммиті өтеді

АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон "Үлкен сегіздік" елдері министрлерінің жиынында. Вашингтон, 11 сәуір 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Жұмада АҚШ президентінің Кэмп-Дэвидтегі резиденциясында "Үлкен сегіздік" елдерінің саммиті басталады.

Екі күнге созылатын саммитте АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Италия, Канада, Франция, Жапония және Ресей басшылары әлем экономикасындағы, оның ішінде Еуропа Одағындағы қаржылық жағдайды талқыламақ. Грекиядағы саяси дағдарысқа байланысты бірқатар сарапшылар еуроның болашағына қатысты тағы да алаңдаушылық білдіре бастаған.

Саммитте ғаламдық қауіпсіздік мәселесі, әсіресе Сириядағы жағдай, Иранның ядролық бағдарламасы жайы да талқыға түспек. Сегіз елдің басшылары екеуара кездесулер де өткізбек.

Саммитке Ресейдің атынан премьер-министр Дмитрий Медведев қатысады. Президент Владимир Путин жаңа үкімет құрамын жасақтауға байланысты Кэмп-Дэвидке келе алмайтынын бұған дейін хабарлаған.