Коэн диктаторлардың жиынтық образын сомдады

"Диктатор" фильмінің постері. 10 қаңтар 2012 жыл.

Британиялық комик Саша Барон Коэн - сайқымазақ фильмдерімен әлемге танылған актер. Оның атын шығарған Борат, Бруно сияқты кейіпкерлеріне енді диктатор Алладин образы қосылды. Бұл күндері бірқатар елдерде «Диктатор» фильмінің премьерасы жүріп жатса, Түркменстан мен Тәжікстан ол фильмге тыйым салды.

Қазақстандық журналист Борат Сағдиевтің рөлінде ойнаған комедия актері Саша Барон Коэннің «Диктатор» фильмі осыдан біраз бұрын шықты. Ол фильм Солтүстік Кореяның өмірден өткен жетекшісі Ким Чен Ирдің суреті сияқты портретпен басталады. Тіпті соның құрметіне түсірілді деп те айтылады.

БОРАТ, БРУНО ЖӘНЕ ДИКТАТОР

Коэн осы жылдың ақпан айындағы «Оскар» сыйлығымен марапаттау шарасына «Диктатор» фильміндегі костюмін киіп барып, Голливуд жұлдыздары жүретін қызыл кілемге сыртында Ким Чен Ирдің суреті бар вазадағы күлді шашып, “Оскарға келу Солтүстік Кореяның жақында өмірден өткен жетекшісінің ең үлкен арманы еді” деген сөздер айтқан.

Британдық актер Саша Барон Коэн "Диктатор" фильмінің көрсетілімінде фотоға түсіп түр. Франция, Канн, 16 мамыр 2012 жыл.


Саша Баронның жаңа комедиясы да оның бұрынғы фильмдері сияқты қарабайыр мазақ күлкіге негізделген. Ол картина Голливуд фильмдерінің деңгейіне жетпесе де, жарнамасы мен жаңғырығы біраз жерге барып үлгерді.

КОЭННІҢ ЕЛДЕН ЕРЕК СТИЛІ

«Диктатор» фильмі де Саша Барон Коэннің басқаларға ұқсамайтын коммедиялық стилімен түсірілген.

Фильмдегі диктатор Солтүстік Африканың Вадия штатының адмирал генералы Алладин деп аталады. Алайда, Алладин - әлемге белгілі болған бірнеше диктатордың жиынтық образы.

Бұл диктатордың образынан Ливияның көтерілісшілер ықпалымен қаза тапқан Муаммар Каддафиге де ұқсастықты көруге болады. Ирактың бұрынғы президенті, дарға асылған Саддам Хуссейнге де қатысты эпизодтары бар.

Сонымен қоса, «Түркіменбашы» атанған бұрынғы түркмен президенті Сапармұрад Ниязовтың ай мен күн атауларын өз туған-туыстарының атымен ауыстырғаны сияқты, адмирал Алладин де «позитив» және «негатив» деген сөздерге өзінің атын береді.

Саша Барон Коэн Германиядағы "Диктатор" фильмінің көрсетілімінде Алладин болып сөйлеп тұр. Кельн, 14 мамыр 2012 жыл.


Коэннің көзі тірі билеушілердің ішінен Иранның қазіргі президенті Махмуд Ахмадинежадтың ядролық қаруды иеленуге деген ұмтылысын әжуалағанын байқауға болады. Арасында Алладин антисемиттік және шовинистік ұстанымын танытып отырады.

Осындай диктаторларға тән ерекшеліктерді жинап көрсеткен Алладиннің бастан кешкен шым-шытырық оқиғалары суреттелген бұл фильмде Голливуд жұлдыздары да ойнаған.

АЛЛАДИННІҢ БАСТАН КЕШКЕНДЕРІ

Фильмде диктатордың әдемі қыздармен төсектес болған сәттері, ақылға қонымсыз нұсқаулары, оған жасалған кездейсоқ қастандық әрекеттер мен Алладиннің Нью-Йорктегі БҰҰ-ның кеңсесі алдына келгенге дейінгі өмірі қамтылған.

БҰҰ-ның бас кеңсесінде актер Бен Кингслей ойнаған - Ауған президенті Хамид Карзайға ұқсайтын адам диктаторды Вадияны демократиялық елге айналдырып, оның мұнайын Батысқа, Ресей және қытайлық компанияларға сатуға мәжбүрлейді.

Коэн өзінің комедия стилінде баспасөз мәслихатына келген журналистерге сөйлеп тұр. АҚШ, Нью-Йорк, 07 мамыр 2012 жыл.


Азапталып өлтірілуі керек болған Алладин фильмде қашып құтылып, актриса Анна Фэрис ойнаған - адам құқықтарын қорғаушы Зои деген белсендіні пана тұтады.

Жалпы Борат атымен Қазақстанға жақсы таныс Саша Барон Коэннің бұл фильмі америкалық демократияны сынап, диктатор деп аталып кеткен билікқұмар адамдардың келбетін күлкілі етіп көрсетуге тырысқан.

«ДИКТАТОРҒА» ОРТАЛЫҚ АЗИЯДА ТЫЙЫМ САЛЫНДЫ

Тәжікстан мен Түркіменстан сайқымазақ актер Саша Барон Коэннің «Диктатор» фильмін көрсетуге тыйым салып отыр.

Тәжікстанның әлемдік фильмдерді ұсынатын «Тантана» компаниясының өкілі «Диктатор» фильмі туралы «Тәжікстан тұрғындарының менталитетіне сәйкес келмейтін болғандықтан, көрсетуге елге әкелмедік» деген.
Тәжікстандықтар менталитетіне сәйкес келмейтіндіктен, көрсетуге әкелмедік.

«Таджиккино» мемлекеттік компаниясының лицензия беретін бөлімінің басшысы Акбар Шарипов «Диктаторды» көрсеткен кинотеатрларға айыппұл салынатынын ескерткен.

Түркіменстан билігі де Саша Барон Коэннің бұл фильмін көрсетуге рұқсат бермеген. Бірқатар елдерде «Диктатор» фильмінің премьерасы 17 мамырда басталды.

БОРАТ ҚАЗАҚСТАНҒА КӨП ТУРИСТ ТАРТТЫ

Жақында Қазақстанның сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов “2006 жылы шыққан «Борат» фильмі арқылы Саша Барон Коэн Қазақстанға келетін туристер

Қазақстанның сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов. Астана, 15 қараша 2011 жыл.

қатарын он есеге көтерді” деп, оның Қазақстанға қатысты фильміне алғыс айтты. Фильм алғаш шыққанда Қазақстан билігі айыптаған мәлімдемелер жасаған болатын.

Сәуір айында әйгілі Бораттың Қазақстанға қатысты фильмі әлемнің назарын тағы бір аударды. Оның сол фильміндегі Қазақстан әнұраны деген сайқымазақ гимн Кувейттегі спорт жарысында жеңіске жеткен қазақстандықты марапаттау кезінде мемлекеттік әнұранның орнына қойылды.