Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға шақырды

Саясаткер Серікболсын Әбділдин.

Сейсенбіде Алматыда бір топ оппозициялық саясаткер - Серікболсын Әбділдин, Жасарал Қуанышәлин, Әміржан Тоғысов, белсенді Михаил Сизов "Қазақстанда 1937 жылғы қуғын-сүргін тәсілдері қайта жанданды" деп мәлімдеді.

Баспасөз жиынын өткізген азаматтар мұның мысалы ретінде "заңды құқықтарын талап еткен мұнайшылардың үстінен сот жүріп, ал олар қойған талаптың орындалуына қызмет жасаған оппозиция өкілдері - Владимир Козлов, Серік Сапарғали және Айжангүл Әміроваға "әлеуметтік араздықты қоздырды" деген айып тағылып отырғанын" айтты.

Баспасөз жиынын өткізуші саясаткерлер мен белсенділер биліктен қуғынды тоқтатып, саяси тұтқындарды босатуды талап етті.

Олар азаматтарды 31 мамыр - саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін ел бойынша атап өтіп, ескерткіш-белгілерге гүл шоқтарын қоюға шақырды.