Сирия оппозициясы БҰҰ-ға өтініш айтты

Дамаск көшесінде жүрген сарбаз. Сирия, 20 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Сирияның оппозициялық Ұлттық кеңесі үкімет әскерінің Хомс уәлаяты Хоул қаласын атқылауына орай БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесін тезірек шара қабылдауға шақырды.

Оппозиционерлердің айтуынша, бұл атыстан 110 адам (көбісі - балалар мен әйелдер) мерт болған. Ал Лондондағы сириялық құқық қорғаушылардың айтуынша, Хоул қаласын атқылаған кезде 90 адам мерт болған (оның 25-і - балалар).

БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун алдағы аптада Қауіпсіздік кеңесінде талқылануы керек баяндамасында Сирияда әлі күнге дейін саяси тірес, зорлық-зомбылық болып, адам құқы бұзылып, гуманитарлық ахуал нашарлап кеткенін айтты.

БҰҰ-ның Сириядағы арнайы өкілі Кофи Аннан жуықта Дамаскіге баруы керек. Сириядағы атысты тоқтату туралы Аннанның бейбітшілік келісімі әзірше жүзеге аспай жатыр.