Астанада ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш ашылды

1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына тағзым" деп аталатын ескерткіш монумент. Астана, 31 мамыр 2012 жыл.

31 мамырда Астанада 1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш монумент ашылды.

Ескерткіш ашылар алдында жиналғандар ашаршылық құрбандарын үнсіздікпен еске алды. Ескерткіштің ашылуына Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі.

Назарбаев: "Біз мұнда ашаршылықта қырылған қазақстандықтарға ескерткіш ашып, оларды халықтың жадында мәңгі сақтау үшін жиналдық. Ашаршылық пен оның ауыр салдары советтік кезеңдегі ең ауыр гуманитарлық апат болды. Аштықтан Қазақстанда 1 жарым миллионнан астам адам қырылды, 600 мыңнан астам адам аштық пен қуғын-сүргіннен бас сауғалап, елінен кетті" деді.

Назарбаев бұған қоса "тарихты таразылағанда көреген болуымыз керек, және бұл тақырыпты саясиландыруға болмайды" деді

Ескерткіш монументте ана мен баланы бейнелейтін мүсін қойылған.