Петербург саммитінде Ресей ЕО-на визасыз кіруді сұрамақ

Санкт-Петербург қаласындағы президент Путинге қарсы наразылық шарасы. 7 мамыр 2012 жыл. Көрнекі сурет

3 маусым күні Санкт-Петербург қаласының түбінде Еуропа Одағы-Ресей саммиті басталды. Ресейлік делегацияны президент Владимир Путин бастап келіп отыр. Ал ЕО делегациясының құрамында Еуропалық кеңес президенті Херман Ван Ромпей, Еурокомиссия президенті Жозе Мануэл Баррозу, ЕО сыртқы саясат жетекшісі Кэтрин Эштон және басқа да лауазымды тұлғалар бар.

Ресей президентінің халықаралық істер бойынша көмекшісі Юрий Ушаковтың айтуынша, саммит кезінде пост-советтік аймақтағы қаржылық және экономикалық дағдарыстың салдары талқыланады. Ушаков күн тәртібіне кірген мәселелер ретінде Ливия мен Сириядағы ахуалды және Иран мен Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламаларын атады.

Президент көмекшісі Ресей азаматтарының ЕО елдеріне аз уақытқа визасыз кіріп-шығуы туралы мәселе де талқылауға өзек болатынын айтты.