Лавров Ресейдің Сирияға тікұшақ жеткізбек болғанын растады

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров.

Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Ұлыбритания жағалауында тоқтатылып, кері қайтқан "Алаид" жүк кемесінің бортында Сирияға апара жатқан әскери тікұшақтар бар екенін растады.

"Эхо Москвы" радиостанциясының хабарлауынша, Лавров "Алаид" кемесінің жөндеуден өткен ресейлік үш тікұшақты тасып бара жатқанын айтқан.

Лавров Сириямен әскери техниканы жөндеуден өткізу туралы келісім 2008 жылда жасалғанын және кеме бортында әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдары да бар екенін айтты. Ол "Ресей Сирияға қару-жарақ жеткізіп жатыр" деген айыптауларды терістеп, "мұндай айып елдің беделіне нұқсан келтіру үшін жасалып жатыр" деді.

Батыс мемлекеттері Ресейді Сирия режимімен әскери саладағы байланысын үзуге бірнеше рет шақырған еді.