Сирия әскері Алеппода әуеден соққы берді

Алеппо көшесінде. Сирия, 31 шілде 2012 ж.

Сириядағы Алеппо қаласында үкімет күштері билікке қарсы жақ бақылауда ұстап отырған аудандарға әуеден соққы берді.

Америкалық NBC телеарнасы көтерлісішілердің президент Башара Асадқа бағынышты әскерге қарсы "жер-әуе" зымырандарын қолданып жатқанын хабарлады. Жиырма шақты әскери зымыран қондырғылары оларға Түркия жері арқылы жеткізілгені жайлы айтылып отыр.

Үкімет маңызы жағынан ел астанасынан кейінгі екінші қала саналатын Алепподан билікке қарсы көтерілгендерді біржолата қуып шығу үшін бар күшті сол жерге шоғырландырған.

Осы кезге дейін бірнеше ондаған мың бейбіт тұрғынның Алеппоны тастап шыққаны туралы хабарлар айтылған. Қазір қалада азық-түлік пен тамақ дайындауға қажетті газ қоры таусылуға жақын деген ақпарат жетіп отыр.