Жаңаөзен ісі бойынша апелляцияның шешімі дүйсенбіде шығады

"Жаңаөзен ісі" бойынша апелляциялық шағым қаралып жатқан соттан көрініс. Ақтау, 2 тамыз 2012 ж.

Маңғыстау облыстық соты "Жаңаөзен ісі" бойынша сотталған 15 адамның апелляциялық шағымын қарауды тамыздың 6-сына қалдырды деп хабарлады Азаттық тілшісі Ақтаудан.

Мемлекеттік айыптаушы Талғат Әубәкіров істі қарап отырған судья Мақсат Бейсембаевтан сотталушылардың арызын қанағаттандырмауды сұрап, жәбірленушілер «Арена С» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Жанат Қоныбаева дүние-мүліктеріне келтірілген залалды өндіріп алу мәселесін азаматтық талап арыз беру арқылы шешсін деген ұсыныс жасады.

Адвокаттар сотталушылардың айыптарын мойындағанын ескере отырып соңғы шыққан рақымшылықты пайдаланып оларға шартты түрде жаза белгілеуді сұрады.

Сот залында Азаттық тілшісімен тілдескен сотталушылардың туыстарын өз шағымдарын жеткізді. Сотталушы Мұрат Қосбармақовтың жұбайы Айгүл Төлекова күйеуінің жұқпалы ауруға шалдыққаны туралы сот залында білгенін айтты.

- Бұған дейін сәлемдеме апарып жүргенімізде ештеме айтпады. Тек бөлек камераға жатқызғанын ғана естідік, - деді Төлекова.

Сотталушы Мақсат Досмағамбетовтың анасы Оңайгүл Досмағамбетов жарты жылдан астам қамауда отырған баласының бүйрегінен науқастанып, ауруханаға апарып қаратқанымен оған дені сау деген жалған анықтама берілді дейді. Он бала өсірген Оңайгүл Досмағамбетованың тағы бір ұлы былтыр желтоқсанда Жаңаөзендегі оқиға кезінде оқ тиіп, мүгедек болып қалған.

Судья Мақсат Бейсембаев "Жаңаөзен ісі" бойынша сотталғандардың апелляциялық шағымына қатысты сот шешімінің тамыздың 6-сында шығатынын хабарлады.