Сирияда босқындар лагерінде 15 адам мерт болған

Алеппо қаласының солтүстігінде мешіт жанында қираған әскери танк. Сирия, 2 тамыз 2012 ж.

Жұмаға қараған түні Сирияның астанасы Дамаск маңындағы палестиндік босқындардың лагеріне жасалған шабуылдан кемінде 15 адам қаза болған, олардың арасында 2 бала бар деп хабарлады бүгін Лондонда орналасқан Сирияның адам құқығын қадағалау жөніндегі орталығы.

Өткен түнде үкімет күштері Дамаскінің оңтүстігінде көтерілісшілерге қарсы операция жүргізгені туралы ақпарат тарады.

Бүгін БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы Сириядағы жағдайды бейбіт жолмен реттеу туралы қарар жобасын талқылайды. Жобада Сирия билігінің адам құқықтарын бұзып отырғаны айтылған. Қарар жобасының қазіргі мазмұнымен Қытай және Ресей келіспейді.