Тәжікстан: Ауғанстаннан содырлар жиналып жатыр

Тәжікстан мен Ауғанстан президенттері Эмомали Рахмон мен Хамид Карзайдың кездесуі. Кабул, 25 қазан 2010 жыл.

Тәжікстан билігі Таулы Бадахшан облысына жақын шекаралы аймаққа көрші Ауғанстан жағынан қарулы содырлар жиналып жатыр деп алаңдаушылық білдірді.

Тәжікстан президентінің жанындағы стратегиялық зерттеулер орталығының дерегі бойынша, аталған аймаққа қазір 400-ден мыңға дейінгі аралықта қарулы адамдар жиналған. Олардың кім екені белгісіз.

Тәжікстан мен Ауғанстан президенттері Эмомали Рахмон мен Хамид Карзай бұл аймақтағы қауіпсіздік мәселесін соңғы екі аптада екінші рет телефон арқылы талқылады.

Таулы Бадахшанда 20 шілдеде Тәжікстанның арнайы қызметінің генералы Абдулла Назаровтың өліміне қатысы бар делінген топқа қарсы әскери операция болған еді. Қақтығыста екі жақтан да адам шығыны болды. Ресми ақпарат бойынша, бір бейт тұрғын мен 17 үкімет әскері қаза тапқан.

Билік содырларға рақымшылық жасалатынын айтып, қаруларын тапсыруды талап еткен соң, олар үкіметке 500-ге тарта түрлі қару-жарақ өткізген.