Өзбекстан "Уздунорбитаны" лицензиясынан айырды

МТС компаниясының бөлімшесі. Ташкент. (Көрнекі сурет)

Өзбекстанның шаруашылық соты байланыс және ақпараттандыру агенттігінің елдегі ең ірі ұялы байланыс операторы "Уздунорбитаны" барлық лицензиясынан айыру ұсынысын қолдады. "Уздунорбита" - ресейлік МТС компаниясына қарасты еншілес компания.

МТС компаниясының басшылығы Өзбекстанның салық органдары компанияға барлығы 900 миллион АҚШ доллары көлеміндегі салық төлеуден жалтарды деген айып таға бастағанын айтады.

Өткен айдың соңында Өзбекстандағы ұялы байланыс нарығының 40 пайызына ие "Уздунорбитаға" алаяқтық жасады деген айып тағылған. МТС-тің вице-президенті Майкл Хеккер Өзбекстанның бұл қадамын компанияның активтерін мәжбүрлі түрде тартып алу әрекеті деп бағалаған.