Қазақстан "Веб индекс" рейтингісінде 28-орында

Интернет клубта отырған адамдар. (Көрнекі сурет).

The World Wide Web қоры интернеттің адамдар өміріне тигізетін әсері - "Веб индекс" рейтингісі бойынша Қазақстанды 61 елдің арасында 28-орынға қойды. Қор өз есебін сәрсенбіде Лондонда жария етті.

Рейтингіні құраушылардың деректері бойынша, Қазақстанда интернет адамдардың саяси өміріне көбірек ықпал етеді. Ал халықтың әлеуметтік және экономикалық салаларына интернеттің тигізер әсері төмен.

Рейтингте бұдан өзге Қазақстандағы веб-контенттің сапасы басқа елдерге қарағанда біршама жоғары екені көрсетілген. Қазақстан бұл жағынан тізімде 20-орында тұр. Ал веб инфрақұрылымының дамуы мен оған қатысты заңнамалалық база жағынан Қазақстан 38-орынды иеленген.

Рейтингті түзуде интернет ресурстарының саяси, әлеуметтік және экономикалық ықпалы, қажетті инфрақұрылымдардың дамуы, мемлекеттің азаматтардың интернеттегі сауаттылығын арттыруға күш салуы есепке алынған. Веб контенттің сапасы, түрлі жастағы және түрлі әлеуметтік топтағы адамдардың интернетті қолдану көрсеткіштеріне де назар аударылған.

Рейтингтің басында Швеция, одан кейін АҚШ және Ұлыбритания тұр. Тізімді Буркино-Фасо, Зимбабве және Йемен аяқтайды.