Астанада АӨІСШК сессиясы ашылды

Бүгін Астанада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің (АӨІСШК) 20 жылдығына арналған кеңестің мерейтойлық сессиясы және сыртқы істер министрлерінің төртінші кездесуі ашылды деп хабарлайды ресми ақпарат құралдары. Жиынды Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ашты.

Кездесуге Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне мүше 24 мемлекеттің делегациясы қатысуда. Қонақ ретінде 8 мемлекеттің сыртқы істер министрлері және 14 халықаралық ұйымдар басшылары шақырылған.

Сессияда Таяу Шығыс және Солтүстік Африкадағы, Ауғанстандағы жағдай, жаппай қырып-жоятын қаруларды таратпау, трансұлттық қылмысқа қарсы тұру және АӨІСШК ауқымындағы экономикалық ынтымақтастық сияқты өзекті тақырыптарға қатысты пікір алысу көзделуде.

АӨІСШК-ге қазір Әзербайжан, Ауғанстан, Бахрейн, Вьетнам, Египет, Үндістан, Ирак, Иран, Израиль, Иордания, Қазақстан, Камбоджа, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, БАӘ, Палестина, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Таиланд, Түркия, Өзбекстан, Корея Республикасы кіреді. Ал АҚШ, Украина, Индонезия, Малайзия, Катар, Бангладеш, Филиппин мемлекеттері мен БҰҰ, Араб мемлекеттерінің Лигасы және ЕҚЫҰ бақылаушы мәртебесіне ие.