Грузияда жазаға тарту министрі отставкаға кетті

Грузияның жазалау, пробация және заңдық көмек көрсету министрі Хатуна Калмахелидзе.

Бүгін Грузияның жазалау, пробация және заңдық көмек министрі Хатуна Калмахелидзе отставкаға кетуге өтініш берді. Кеше жергілікті оппозициялық "Маэстро" және "ТВ-9" телеарналары жасырын камера арқылы түсірілген, түрме қызметкерлерінің сотталғандарды азаптап жатқаны жайлы видеоны көрсеткен. Азаптау Тбилисидегі Глданск мекемесінде болған деген жорамал бар.

Видеоның нақты қашан түсірілгені белгісіз, бірақ Грузияның ішкі істер министрлігі дереу осы түрменің үш қызметкерінің тұтқындалғанын хабарлады.

Бірақ Грузия билігі тұтқындарды азаптау мен оны видеоға түсіріп алу әрекеті грузиялық оппозиционер, миллиардер Бидзина Иванишвилимен байланысы бар сотталушы Тамаз Тамазашвилидің тапсырысы бойынша ұйымдастырылған деп санайды. Ресми орындар тұтқындалған түрме қызметкерлерінің бірінің кабинетінен "таспаға түсіретін құрылғы мен 17 мың АҚШ доллары табылғанын" айтады.