Freedom House: Қазақстан интернетке бақылау қоя бастады

Freedom House ұйымының интернет еркіндігіне қатысты жариялаған есебі. 24 қыркүйек 2012 жыл.(Көрнекі сурет).

Freedom House құқық қорғау ұйымы дүйсенбіде "Интернет еркіндігі 2012" деп аталатын жаңа есебін жариялады. Онда әлемнің 47 мемлекетінде 2011 жылдың қаңтары мен 2012 жылдың мамырына дейінгі интернетті бақылауға бағытталған әрекеттер баяндалады. Ұйым зерттеуінде Қазақстандағы интернетті "жартылай еркін" деп бағалаған.

Ұйым өкілі, құқық қорғаушы Саня Келлидің айтуынша, әлемде интернеттің еркіндігі барған сайын шектеліп, үкіметтің "ұнамсыз" контенттерді "сүзгіден" өткізу, бұғаулау және интернет белсенділерін соттау сияқты дәстүрлі әдістеріне интернетті бақылауда ұстаудың жаңа тетіктері қосылып жатыр.

Зерттеу жүргізілген елдердің төрттен бірінде үкімет оппозицияны ығыстырып, оған қарсы жалған ақпарат тарататын және биліктің ресми ұстанымын білдіретін жалдамалы блогерлерді пайдаланады. Ұйымның дерегінше, бұрынырақта тек Ресей мен Қытайда ғана пайдаланылған бұл әдіс қазір Беларусь, Украина, Иран және басқа да елдерде де қолданылады.

Ұйым ресми билікті сынайтындарға кибер шабуыл жасау, интернет белсенділерінің беделін түсіруді де қазір кең тарала бастаған әдістердің біріне қосады. Бұл әдісті Қазақстан, Бахрейн, Бирма, Сирия, Өзбекстан елдері жиі қолданады.

Freedom House бұған қоса Қазақстан, Сирия және Сауд Арабиясында анонимді интернет қолданушыларының құқықтарын шектеп, ақпаратты бақылауға алатын жаңа ережелер қабылданғанын да айтады. Орталық Азия мен Таяу Шығыс елдерінде ерікті журналистер мен блогерлерге шабуыл жасау да жиілей бастаған.

Ал Ресейде әлеуметтік желілер арқылы наразылық акциялары мен түрлі шараларға шақырған адамдар мен ұйымдарға телефон арқылы қоқан-лоққы жасалатыны мысалмен келтіріледі.

Зерттеу бойынша, Иран, Қытай және Сирияда интернет еркіндігі төмен болса, интернет кеңістігі "еркін" елдер қатарында Эстония, АҚШ және Германия тұр.