- Екі күннен бері газсыз отырмыз. Нанды үйде пісіріп алуға да жағдай жоқ, - деді кезекте тұрған тұрғындардың бірі Азаттық тілшісіне. Атырау, "Идеал" супермаркеті, 27 қыркүйек 2012 жыл
Қалалық әкімдіктің кәсіпкерлік бөлімінің меңгерушісі Қадырғали Тұрғанов Азаттық тілшісіне ертеңнен бастап қала тұрғындарының 100 пайызға нанмен қамтамасыз етілетінін айтты. Әзірге нанды көрші Орал қаласы мен Құлсары, Мақат аудандарынан тасып жатыр.
- Бүгін қаланың сол жақ Азия бөлігіне газ беріледі. Ондағы 13 наубайхана іске қосылса, 30 мың дана нан пісіріледі, ол тұрғындардың 60 пайызын қамтамасыз етеді деген сөз. Оған Оралдан келе жатқан 30 мың дана нанды қоссаңыз, тапшылық болмайды, - деді Қадырғали Тұрғанов. Шенеунік ауруханалар мен бала бақшаларға нанды электр қуатымен жұмыс істейтін наубайханалар үзбей пісіріп жатқанын айтты.
Қадырғали Тұрғанов «Атырау» «Интергаз –Центральная Азия» компаниясы жөндеп жатқан газ құбырына қатысты: - Құбыр ішін күн жылыда тазалап алмаса, қысты күні проблема болады. Жалпы осылай ұзақ уақытқа тоқтап қалғанын бірінші рет көріп тұрмын, - деді шенеунік.
Атырауда 300 мыңға тарта адам тұрады. Ресми ақпарат бойынша, жергілкті халықты нанмен қамтамасыз ету үшін тәулігіне 52 тонна немесе 100 мың дана нан керек. Қалада 3 ірі және 32 орта және шағын наубайхана жұмыс істейді.