Түркия Сирияның әуе соққысына жауап қайтарды

Сириямен шекарада тұрған түрік әскерилері. (Көрнекі сурет).

Түркия Сирия тарапынан жасалған әуе шабуылына қарсы соққы қайтарды. Түркия премьер-министрі Режеп Тайып Ердоғанның айтуынша, әскерилер Сирия территориясындағы бірнеше нысанға қарата соққы жасаған.

Бұдан бұрын Сирияның Түркиямен шекаралас елді мекені Сирия жағынан минометтен атқыланып, соның салдарынан 5 адам (бір әйел мен оның төрт баласы) қаза тапқан. Түркия үкіметі оқиға туралы дереу НАТО-ға, БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мунге хабарлаған. НАТО өкілі жағдайды жіті қадағалап отырғанын мәлімдеген.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон Түркия аумағына шабуыл жасалғанына наразылық білдірді.

Сирияда қарулы қақтығыс басталғалы бері Түркия аумағы бірнеше рет шабуылға ұшырады. Ал соңғы шабуыл ең қанды оқиға болып отыр. BBC-дің хабарлауынша, Дамаск шабуылды тексеріп жатқанын мәлімдеп, қаза болған адамның отбасына көңіл айтқан.