Сирия жағынан Түркияға тағы мина атылды

Түркияның Сириямен шекарасы аймағында тұрған түрік әскері. 4 қазан 2012 ж.

Бүгін Сирия жағынан тағы да мина атылып, Түркияның шекара маңындағы елдімекеніне түскен соң, түрік жағы оған жауап ретінде кезекті рет соққы берген. Сөйтіп, осыдан бір күн бұрын, жұмада болған жағдай қайталанды. Зардап шеккендер туралы ақпарат болған жоқ.

Екі мемлекет арасындағы шекара аймағында минометтерден атқылау осымен төртінші күн жалғасып отыр. Кеше түрік премьер-министрі Режеп Тайып Ердоған Түркия соғысты қаламайтындығын, бірақ жағдай өте шиеленісіп тұрғанын мәлімдеп, Сирияны Түркияның төзімін тауыспауға шақырған еді.

Бейсенбіде БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесі содан бір күн бұрын Түркия аумағына шабуыл жасалғаны үшін Сирия билігіне қатты сын айтты. Сол күні Түркия парламенті өз елінің азаматтары мен мемлекеттік шекараны қорғау мақсатында түрік қарулы күштерінің Сирия жерінде әскери операциялар жүргізуіне рұқсат беретін шешім қабылдады.