Францияда полициямен атыста күдікті оққа ұшты

Француз полициясының арнайы көлігі. Көрнекі сурет.

Бүгін Францияның Страсбург қаласында полиция өкілдері террорлық әрекетке қатысы бар деген күдікпен ұстамақ болған адам оққа ұшты.

Ресми ақпаратта әлгі адам құқық қызметкерлеріне қарулы қарсылық танытқан соң полицейлердің оған қарата оқ атуға мәжбүр болғаны айтылған. Күдіктінің аты-жөні әзірге жарияланған жоқ.

Сондай-ақ, француз полициясы бүгін Ницце қаласында және Париждің маңайында да арнайы операциялар өткізген. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, олардың бәрі де өткен айда Парижге жақын жердегі азық-түлік дүкеніне жасалған шабуылды тергеумен байланысты болуы мүмкін.

Сол жолы, 19 қыркүйекте қолдан жасалған бомба жарылысынан бір адам қаза болған еді. Бұл оқиға Франциядағы еврей қауымдастығының наразылығын туғызды.