Премьер Ахметов "Самұрық-Қазына" қорын басқарады

Қазақстанның премьер-министрі Серік Ахметов.

Қазақстан үкіметінің жетекшісі Серік Ахметов «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының директорлар кеңесін басқаратын болды. Бұл туралы ақпарат бүгін қордың ресми сайтында жарияланды.

Онда қазанның 4 күні үкіметтің №1256 қаулысы бойынша «Самұрық-Қазына» қорының директорлар кеңесінің құрамынан Кәрім Мәсімов пен Бақытжан Сағынтаевтың шығарылғаны, олардың орнына директорлар кеңесінің төрағасы болып премьер-министр Серік Ахметов, сондай-ақ кеңеске мүше болып Қазақстан Республикасының экономикалық даму және сауда министрі Ерболат Досаевтың тағайындалғаны айтылған.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл ауқат қоры» акционерлік қоғамы - үкіметтің бақылауындағы мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық холдинг. Оның басқаруында 500-ден астам ұлттық және еншілес компания бар.