Радован Караджич сотта өзін-өзі ақтап сөйледі

Радован Караджич сотта сөйлеп тұр. Гаага, 16 қазан 2012 жыл.

Гаагадағы халықаралық трибуналда Босния сербтерінің бұрынғы көсемі, "Адамзатқа қарсы және әскери қылмыс жасады" деп айыпталған Радован Караджич өзін қорғап сөз сөйледі.

Associated Press агенттігінің хабарлауынша, Караджич сотта 1992-1995 жылдардағы Босниядағы соғыс кезіндегі қызметі үшін өзін соттаудың орнына марапаттау қажет екенін айтқан. "Мен соғысты болдырмай, адамдардың барынша аз зардап шегуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасадым" деді ол. Караджичтің айтуынша, ол халықаралық құқықты сыйлап, қақтығыстарда зардап шеккендерге көмектескен. Ол "соғыста құрбан болғандардың саны ресми деректен 3-4 есеге аз" екенін де айтады.

Караджичке Босниядағы соғыс кезінде геноцид ұйымдастырды, әскери және адамзатқа қарсы қылмыс жасады деген 10 айып тағылып отыр. Бірақ ол барлық айыпты жоққа шығарады.