Азаматтық белсенділер АҚШ-тан көмек сұрады

Қазақстандық бір топ оппозиция өкілдері АҚШ үкіметі мен америка қоғамынан көмек сұрады. Оппозиция өкілдерінің бұл туралы ашық хаты халықаралық Human Rights Foundation (HRF) құқық қорғау ұйымының веб-сайтында жарияланды. Хатқа Болат Атабаев, Лұқпан Ахмедьяров, Бақытжан Төреғожина, Игорь Винявский, Зәуреш Батталова, Розлана Таукина, Қасым Аманжол және бірқатар азаматтық қоғам белсенділері қол қойған.

"Жаңаөзен оқиғасынан бері саяси қуғын-сүргін күшейді" деген белсенділер азаматтық қоғам өкілдері ретінде "билік тарапынан қуғын көріп отырған азаматтардың тағдырына алаңдайтынын" айтады.

"Біз АҚШ депутаттарынан көмек сұраймыз. Бұған дейін еуропалық саясаткерлердің араласуы арқасында Болат Атабаев, Жанболат Мамай, Наталья Соколова және Игорь Винявский қамаудан босатылған. Магнитский актісі сияқты Жаңаөзен актісі деген заң қабылданар болса, ол президент Нұрсұлтан Назарбаевты демократияға бет бұруға мәжбүрлейдідеп сенеміз" делінген хатта.

Белсенділер бұдан өзге америка үкіметін "Жаңаөзен оқиғасына қатысы бар" деп президент Нұрсұлтан Назарбаев пен бірқатар қазақстандық саясаткерді, жергілікті билік өкілдерінің АҚШ-қа баруына және олармен қаржы операцияларын жасауына тыйым салуын сұрайды.