Ливандағы жарылыстан кемінде 8 адам қаза болды

Ашрафия ауданында жарылыс болған жерде автокөліктер жанып жатыр. Бейрут, Ливан, 19 қазан 2012 ж.

Жұма күні Ливанның астанасы Бейрут қаласында жарылыс салдарынан кемінде 8 адам мерт болып, ондаған адам жараланған. Қаза тапқандардың арасында осы елдің арнаулы қызметінің жетекшілерінің бірі Виссам әл-Хассан да бар.

Жарылыс негізінен христиандар қоныстанған Ашрафия ауданында болған. Жарылғыш заттың автокөлікке орнатылғаны туралы хабарланды. Әзірге бұл жарылысқа байланысты жауапкершілікті ешкім мойнына алған жоқ.

Виссам әл-Хассан 2005 жылы ақпанда осындай жарылыс салдарынан мерт болған Ливанның бұрынғы премьер-министрі Рафик Харирдің қазасына қатысты тергеу жүргізген еді. Рафик Хариридің ұлы, Ливанның бұрынғы үкімет жетекшісі Саад Харири кешегі жарылысқа Сирия билігінің қатысы бар деп мәлімдеді.

БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесі мен АҚШ үкіметі Бейруттағы бұл шабуылды айыптады.