Ақтөбеде терроризм айыбымен үш адам сотталды

Ақтөбе облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты террорист деген күдікпен үш адамды 11, 8 және 6 жыл мерзімге соттады деп хабарлайды "Интерфакс-Қазақстан" агенттігі.

Облыстық соттың баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, Жасұлан Аббасов, Арман Құшанов және Мәлік Тілеулинге бірнеше бап бойынша айыптар тағылған. Олардың арасында "терроризмді насихаттады, террористік топ құрды, заңсыз қару мен жарылғыш зат сақтап, алып жүрді" деген айыптар бар.

Тергеу материалдары бойынша, сотталғандар теракті ұйымдастыруды интернет арқылы шетелдік экстремистік сайттардың авторларынан үйреніп, облыстық ішкі істер департаментіне шабуыл жасамақ болған.

Сот отырысы жабық түрде өткен. Сотталғандардың үлкенінің жасы - 28-де болса, кішісінің жасы - 19-да.