АҚШ-та дауыл құрбандарының саны 90-ға жетті

Дауыл мен тасқыннан қираған үйлердің орыны. Нью-Йорк маңы, 31 қазан 2012 жыл.

АҚШ-та "Сэнди" дауылы мен су тасқынынан құрбан болғандар саны соңғы деректер бойынша 90-ға жетті. Оның 40-тан астамы Нью-Йоркте қаза тапты, өзгесі - алты штаттың тұрғындары.

Федералдық үкіметтің дерегі бойынша, 12 штаттың шамамен 4,5 миллион тұрғыны электр жарығынсыз қалған. Тек Нью-Йорктің өзінде ғана 650 мың адам электр жарығынсыз отыр. 7 мыңға тарта адам Қызыл Крест ұйымының уақытша салынған баспаналарында тұрып жатыр.

16 штаттың ондаған мың тұрғынына гуманитарлық көмек беріліп жатыр. Дауыл тұрған штаттарда адамдарды іздеу, құтқару және қалпына келтіру жұмыстары жасалып жатыр.

Нью-Йорктегі БҰҰ ғимараты да табиғи апаттан айтарлықтай зардап шегіп, ғимараттың кейбір қабаттары суға толған.

Алдын ала есептеулер бойынша, дауылдан келген шығын 50 миллиард АҚШ долларын құрайды.