Барак Обаманы жеңісімен құттықтап жатыр

АҚШ президенті Барак Обаманың екінші мерзімге қайта сайланғанына орай халықаралық қауымдастық тарапынан оны құттықтап, қолдау білдірген пікірлер айтылып жатыр.

Бүгін Еуропа комиссиясының президент Жозе Мануэль Баррозу мен Еуропа Одағының президенті Херман Ван Ромпей бірлескен мәлімдеме жасап, Обамамен бұдан ары да тығыз байланыс орната беретіндіктеріне сенім білдірді.

НАТО бас хатшысы Андерс Фог Расмуссен де Обаманы құттықтап, оны "солтүстік альянстағы байланыстарды сақтауда жетекші рөл атқарды" деп мақтады. Барак Обаманы Германия канцлері Ангела Меркель де құттықтап, оның әлемдік қаржы дағдарысымен күрестегі еңбегін "жоғары бағалайтынын" айтты. Франция президенті Франсуа Олланд "Обаманың жеңісі АҚШ-тың бұрынғыдай халықаралық мәселелермен айналыса беретінін көрсетеді" деді.

АҚШ президентін Қытай, Ұлыбритания, Израиль, Египет, Ауғанстан басшылары мен Ресей мемлекеттік думасының депутаттары да құттықтап, жеделхаттар жолдады.