Амангелді Айтқұлов 12 жылға сотталды

Маңғыстау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Амангелді Айтқұлов. Жаңаөзен, 18 желтоқсан, 2011 жыл.

Қарашаның 12-сі күні Қызылорданың қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты Маңғыстау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Амангелді Айтқұловты 12 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді.

Бұл туралы дүйсенбі күні кешке хабарлаған Tengrinews.kz агенттігінің жазуынша, сот бұл жазаға қоса айыпталушының мүлкін кәмпескелеу туралы үкім еткен. Сот Айтқұловтың мемлекеттік наградаларын қайтарып алу туралы ел президентіне өтініш түсірмек.

Амангелді Айтқұловқа "аса ірі көлемде пара алды" және "қызмет бабын асыра пайдаланды" деген айыптар тағылған еді.

Онымен бірге «ірі көлемде пара алуда делдалдық жасады» деп айыпталған Ізболсын Көлбаев бір жылға сотталған. Ол жазасын қоныстандыру колониясында өтейді.

Амангелді Айтқұлов - Жаңаөзен оқиғасына қатысты жауапқа тартылған шенеуніктердің бірі.

Тергеушілердің айтуынша, Айтқұлов 2008 жылы "Өзенмұнайгаз" компаниясы директорының орынбасары болып тұрған кезде "Өзенқұрылыс" компаниясының директорынан пара алған.

Сот процесі Қызылордада қыркүйектің 24-і күні басталған.