ҰҚК кибер-күресте шет елдерге жүгінді

Компьютер алдында отырған адамның көзі. (Көрнекі сурет).

Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) шет елдерге "экстремизмді, терроризмді және зорлық-зомбылықты насихаттайтын" интернет ресурстарын жабу жұмыстарын бірлесе атқаруға ұсыныс жасады. Бұл туралы бүгін "Интерфакс-Қазақстан" агенттігі хабарлады.

Парламент мәжілісінің отырысында сөйлеген ҰҚК төрағасының орынбасары Қабдылкәрім Әбдіқазымовтің айтуынша, құқық қорғау органдары жыл басынан бері Қазақстанда "терроризм, экстремизм және зорлық-зомбылықты насихаттайтын" 950-ге тарта сайтты бұғаулаған.

"Бірақ бұл жерде бір мәселе туындап отыр. Бұл бұғауланған сайттардың серверлерлері Еуропа аумағында орналасқандықтан, біз оларды жаба алмаймыз. Оларды түрлі прокси серверлер арқылы аша беруге болады. Сондықтан біз уәкілетті органдар, сенат арқылы халықаралық қауымдастықтан оларды жабу жұмыстарын бірге атқаруды сұрадық" деді Әбдіқазымов.