"Жапонияның солтүстік шығысында орналасқан Фукусима-1 атом электр стансасының маңынан ауланған балықтардың бойындағы радиоактивті элементтер нормадан 100 еседен астам көп" деп жазады Жапонияның жергілікті ақпарат құралдары.
Бұл жөнінде хабарлаған Риа-новости агенттінің жазуына қарағанда, апатқа ұшыраған АЭС төңірегіндегі тексерісті Жапонияның қоршаған ортаны қорғау жөніндегі министрлігі жүргізген.
2011 жылы 11 наурызда Жапониядағы күшті жер сілкінісінен кейін Фукусима АЭС-і апатқа ұшыраған еді. Қуаты 9 балдық жер сілкінісінен соң іле-шала толқындарының биіктігі 14 метрге жететін цунами жүрген болатын. Соның салдарынан АЭС-тің алты реакторын су алып, салқындату жүйесі істен шыққан.
Бұл апаттың салдарын толық жойып, реакторларды қайта жөндеу үшін 40 жылға жуық уақыт керек.