Желтоқсанның 11-і Шекарашы Владислав Челах «15 адамның өліміне айыпты» деп танылып, өмір бойға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Биыл мамырда «Шығыс» аймақтық шекара қызметі Үшарал отрядының Сарыбөктер заставасы Арқанкерген постынан 14 шекарашы және бір қорықшының мәйіті табылған. Ресми мәліметке қарағанда, пост ғимараты өртенген. Тірі қалған жалғыз шекарашы – 19 жастағы Владислав Челах маусымның 5-інде ұсталған.
Бір айға жуық «14 шекарашы және бір қорықшы» өліміне қатысты өткен процестің алғашқы кездерінде Челах бірнеше рет сот отырыстарына қатыспайтынын мәлімдеп, оны тіпті сотқа күштен әкелген күндер болды. Ол өз денесін жарақаттап, сотқа наразылық танытты. Әртүрлі себептермен Челахтың адвокаттары ауысып отырды. Суретте: Ауысқан үш адвокаттың бірі Жұмағайша Саржанова. Талдықорған, 11 желтоқсан 2012 жыл.
Сарыбөктер шекара заставасының бастығы Алексей Фоминге (суретте) үш жыл түрме жазасы кесіліп, төрт жыл бойы мемлекеттік мекемеде қызмет етуге тыйым салынды. Фоминге «атыс қаруын заңсыз иеленді, сақтады және басқа адамға берді», «қызмет бабында жалған құжат жасады», «қызмет бабын асыра пайдаланды», «қызметінде әрекетсіздік танытты» деген айыптар тағылған.
Сот шешімімен үш айға жабылған Guljan.org сайты жұмысын енді Guljan.info сайтында жалғастырды. Бұған қоса сайт редакциясы желтоқсанның 21-інен бастап «Адам» деген апталық басылым шығаратындарын мәлімдеді. Суретте: Guljan.org сайтының бас редакторы Гүлжан Ерғалиева. Алматы, 10 желтоқсан 2012 жыл.
Сот шешімімен жабылған «Голос республики» газетінің бас редакторы Татьяна Трубачева (суретте) басылым материалдарын «Азат» газетінде шығарып, сот шешімін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған 10 айлық есептік көрсеткіш (16 мың 200 теңге) көлемінде айыппұл салынды.
Сот шешімімен жабылған тағы бір басылым «Взляд» газеті енді «Взбрык» атауымен шыға бастады. Желтоқсан айының басында газет ұжымы заңның «таралымы 100 данаға толмайтын басылымның тіркелуі міндетті емес» деген қағидасына сүйеніп, «НеВзляд» газетінің 99 данасын шығарған. Полиция оны тәркілегеп алған болатын. Суретте: «Голос республики» газетінің журналистері. Алматы, 13 желтоқсан 2012 жыл.
АҚШ-тағы Журналистерді қорғау комитеті (Committee to Protect Journalists) соттың қазақстандық бірқатар тәуелсіз және оппозициялық бағыттағы ақпарат құралдарын жабу шешімін айыптады. Комитет өкілі Нина Огнянова «оппозициялық ақпарат құралдарының жабылуы – цензура» деп бағалап, Қазақстан билігін азаматтардың тәуелсіз ақпарат алу құқықтарын шектемеу туралы міндеттемелерін орындауға шақырды. Суретте: Сот шешімі бойынша жабылған Stan.kz сайтының скриншоты. 10 желтоқсан 2012 жыл.
Желтоқсанның 9-ы Маңғыстау өлкесіндегі Теңге әулие басында былтырғы Жаңаөзенде болған қанды оқиға құрбандарының құрметіне ас берілді. Суретте: Жаңаөзен оқиғасы құрбандарының асына жиылған жұрт. Маңғыстау облысы Теңге ауылы зираты, 9 желтоқсан 2012 жыл.