24 – 28 желтоқсан 2012 жыл

Астанада журналист Тоқберген Әбиевтің жоғалғаны жайлы хабарланды. Желтоқсанның 24-інде өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев бұрынғы «Закон и правосудие» басылымының бас редакторы Тоқберген Әбиевтің «жемқорлыққа қатысты сенсациялық баспасөз маслихатын» өткізбек болғанын айтты. Суретте: Журналист Тоқберген Әбиев. Астана, 9 қараша 2012 жыл.

«Тоқберген желтоқсанның 20-сы күні Астанадағы журналистерге «Құрметті әріптестер! Ертең, желтоқсанның 21-і күні сағат 12-де ақырзаманның орнына сенсациялық баспасөз маслихаты өтеді. «Коррупционер түрмеде отыруы керек!» Өкінбейсіздер. Күтеміз!» деген SMS хабарлама жіберген», - деді Алматыда шұғыл баспасөз жиынын өткізген Қазақстан журналистер одағының жетекшісі Сейтқазы Матаев. Алматы, 24 желтоқсан 2012 жыл.

Желтоқсанның 25-і Медеу аудандық сотының судьясы Гүлмира Бейсенова (суретте) «Голос республики» басылымын экстремистік деп танып, оны жабу туралы үкім шығарды. «Голос республики», «Республика деловое обозрение», «Вся республика» басылымдары, олардың Facebook-тегі парақшалары біртұтас ақпарат құралы деп танылып, қызметтеріне тыйым салынды.

Желтоқсанның 25-і Астанадан Шымкентке бет алған Ан-72 шекара қызметінің ұшағы құлады. ҰҚК мәліметіне қарағанда, қаза болған 27 адамның арасында шекара қызметінің басшысы Тұрғанбек Стамбеков (суретте) те болған.

Президент Назарбаевтың өкімі бойынша 2012 жылғы желтоқсанның 27-сі – ұлттық аза тұту, қаралы күн деп жарияланды. Суретте: Шекара қызметінің Ан-72 ұшағы құлаған жердегі шашылып жатқан бөлшектің бірі. Оңтүстік Қазақстан облысы, 25 желтоқсан 2012 жыл.

Шекара қызметінің Ан-72 ұшағы құлаған жерге келген ресми өкілдер. Оңтүстік Қазақстан облысы, 26 желтоқсан 2012 жыл.

ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаевтың мәліметі бойынша, Ан-72 ұшағымен әскери қызметкерлер Астанада ҰҚК төрағасы өткізген салалық жиыннан қайтып келе жатқан. Ұшақ Шымкентке қонуға тиіс еді. Шымкент, 26 желтоқсан 2012 жыл.

Нұртай Әбіқаевтың айтуынша, ұшақ Украинада техникалық жөндеуден өтіп, Қазақстанға 2012 жылы қарашаның 2-сі күні келген, экипажы да өте білікті болған. Суретте: ҰҚК шекара қызметінің Сайрам ауданында апатқа ұшыраған Ан-72 әскери-жүк ұшағы. Бұл суретті ұшақ Алматыға келіп қонған сәтте 2012 жылғы 25 қараша күні журналист Григорий Беденко түсірген. Автордың рұқсаты бойынша жарияланып отыр.