Вьетнамда 14 белсендінің соты басталды

Вьетнамда тыйым салынған топпен байланысы бар деген 14 белсендінің үстінен "коммунистік режимді құлатпақ болды" деген айып бойынша сот басталды.

Адвокат Чан Намның айтуынша, сот Нхэ Ан провинциясында өте құпия түрде өтіп жатыр. Ол сотталған 14 адамның 12-сі католик екенін айтып, "олар АҚШ-та орналасқан Вьетнам реформалық партиясымен (Viet Tan) қызметтес болғаны үшін айыпталып отыр" деп мәлімдеді.

Вьетнамның коммунистік режимі АҚШ-тың Калифорния штатында орналасқан Вьетнам реформалық партиясын террористік партия деп таниды. Бірақ Вашингтон "ұйымның террористік әрекеттермен айналысқанын дәлелдейтін айғақ жоқ" деп хабарлаған.

Чан Намның сөзіне қарағанда, 2011 жылдың соңында тұтқындалған 14 адамға "шетелде билікке қарсы бейбіт күрес жүргізу және компьютер мен интернеттегі қауіпсіздік мәселелері бойынша арнайы дайындықтан өтті" деген айып тағылған.