Ошта қырғыздар мен қытай жұмысшылары төбелесті

Қырғыздар мен қытай жұмысшылары төбелескен ғимаратта жүрген полицейлер. Куршаб ауылы, Ош облысы. 9 қаңтар 2013 жыл.

Қырғызстанның Ош облысында жергілікті тұрғындар мен қытай жұмысшылары арасында төбелес болды.

Төбелесте ондаған адам жараланған. Олардың арасында 16 қытай азаматы мен бес қырғыз полицейі бар.

Жергілікті полиция өкілінің хабарлауынша, Үзген ауданының Куршаб ауылында бір топ қытай жұмысшылары "бір тұрғын ұялы телефон ұрлады" деген уәжбен бірнеше жергілікті азаматты және бес полицейді күштеп ұстаған.

Полиция тұрғындарды күштеп ұстағандар мен төбелеске қатысы барларға "адамды мәжбүрлеп ұстады", "бұзақылық жасады", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" және "билік өкіліне күш қолданды" деген айыптар таққан.