Маңғыстау облысының әкімі ауысты

Алик Айдарбаев, "ҚазМұнайГаз" Барлау Өндіру" компаниясының директоры болып тұрған кезі. Ақтау, 24 желтоқсан 2011 жыл.

Маңғыстау облысына жаңа әкім болып Алик Айдарбаев тағайындалды.

ҚазАқпарат агенттігінің хабарлауынша, Ақтауда өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында премьер-министр Серік Ахметов депутаттарды Айдарбаевтың кандидатурасын ұсыну туралы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың хатымен таныстырған. Депутаттар президенттің ұсынысын бірауыздан қолдаған.

«Алик Айдарбаев аймақтың проблемаларын жақсы біледі, басшылық қызметтерде тәжірибесі мол. Ол халықтың әл-ауқатын жақсартуға, өңірдің экономикасын дамытуға, президент айқындаған міндеттерді орындауға бар күш-жігерін салады деп сенемін» деген Ахметов.

Алик Айдарбаев 1963 жылы туған. Бұған дейін "ҚазМұнайГаз" Барлау Өндіру" компаниясының бас директоры қызметін атқарған.