Сохтағы жағдайды реттеу тұйыққа тірелді

Сох анклавындағы жанжалдан соң Чарбак ауылында жүрген әскерилер. Қырғызстан, 16 қаңтар 2013 жыл.

Қырғызстанның Баткен облысы аумағындағы Сох анклавында қалыптасқан жағдайды реттеу туралы келіссөздер тығырыққа тірелді.

Азаттық радиосы Қырғыз қызметінің хабарлауынша, Баткен облысының губернаторы Жеңіш Разаков Сох анклавы шекарасындағы тексеру және өткізу бекеттері мен жолдарды ашу туралы Өзбекстан жағымен 10 қаңтардан бері жүргізіліп жатқан келіссөздер еш нәтиже бермей отырғанын айтады.

Қаңтардың 5-і күні Қырғызстандағы Сох өзбек анклавының тұрғындары мен қырғыз шекарашылары арасындағы жанжал салдарынан үш өзбек азаматы жараланып, бір қырғыз полицейі соққы жеген еді. Бұдан соң өзбектер 30 қырғыз азаматын кепілге алып, кейін олардың барлығы босатылды.

Өткен аптада Қырғызстан үкіметі жанжал шыққан анклавқа жақын Чарбак ауылы маңынан сым темірмен қоршау тұрғыза бастаған.