28 қаңтар – 1 ақпан 2013 жыл

Қаңтардың 31-інде Алмалы аудандық соты «Аман-саулық» қорының жетекшісі Бақыт Түменованың (суретте) «ҰҚК қызметкерлерінің ұйым кеңсесінде заңсыз өткізген тінтуі» туралы шағымын қанағаттандырған жоқ.

Бақыт Түменованың сөзінше, ҰҚК қызметкерлері 2012 жылы желтоқсанның 19-ында тінту кезінде кеңседен барлық техниканы (компьютерлер, диктофон, фото және бейнекамералар), тоңазытқышты, құжаттарды тәркілеп әкеткен. Маңғыстау облысының ҰҚК департаменті өкілі Талғат Толықбаев «Аман-саулық» қорының мүлкін қайтаруға қатысты: «Біз өткенде Түменоваға ұсыныс жасағанбыз, алдымен ұсақ-түйектерін алып кетеді, одан кейінгі мүліктеріне тиісті құжаттарын алып келіп көрсетсін, сосын оларды да қайтарамыз», – деді. Суретте: «Аман-саулық» қоры орналасқан ғимарат. Алматы, 24 қаңтар 2013 жыл.

Қаңтардың 29-ында Алматының жанындағы Қызылту ауылы маңына СКАТ компаниясының «Challenger-200» жолаушылар ұшағы құлады. Борттағы 21 адамның ешбірі тірі қалмаған. Суретте: «Challenger 200» ұшағы құлаған жерге бара жатқан арнайы техника. Алматы облысы, 29 қаңтар 2013 жыл.

Қаңтардың 31-і «Challenger-200» ұшағындағы жолаушылар өліміне байланысты ұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Суретте: Арнайы қызмет өкілдері «Challenger-200» жолаушылар ұшағы құлаған орында жүр. Алматы облысы, 29 қаңтар 2013 жыл.

Түркіменстанда сотталған қазақстандықтардың тағдыры белгісіз жағдайда қалып отыр. Олардың туыстары басшылықтың уәделі көмегін көріп отырмағанын айтады. Көрнекі суретте: Түркіменстандық миграция қызметінің өкілдері шекараны бақылап тұр. Көрнекі сурет.

Ресми ақпарат бойынша, өткен жылдың «18-19 қазанында миграциялық полиция қызметкерлері аудандық ішкі істер басқармасы бастығының бұйрығы бойынша іссапарға аттанған. Мигранттарды іздеу бұйрығын орындап, қайтар жолда Түркіменстан шекарасын кесіп өтіп кеткендіктен оларды түркімен шекарашылары ұстап алған».Қазақстанның Түркіменстандағы елшілігі қазақстандық жеті азаматтың әрқайсысы жеті жылға сотталғанын айтқан еді. Көрнекі сурет.

Қаңтардың 30-ында Алматы соты полиция қызметкері, аға лейтенант Әділет Тұрсынбековтің өліміне қатысты үкім шығарды. Судья Советхан Сәкенов айыпталған 6 азаматтың тек біреуі – 28 жасар Қайрат Айтбаевты айыпты деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айырды. Суретте: Кісі қолынан өлген полицей Әділет Тұрсынбеков (сол жақ) пен әкесі Алшынбай Ыбырай. Әкесінің сот залына әкелген суреті. Алматы, 30 қаңтар 2013 жыл