Үш діни бірлестік әкімшілік жазаға тартылды

Солтүстік Қазақстан облысында «заңсыз жұмыс жасаған» үш діни бірлестік әкімшілік жазаға тартылды.

ҚазАқпараттың хабарлауынша, Петропавлдағы Жұмысшылар селосы мен Кішкенекөл және Тайынша аудан орталықтарында орналасқан діни бірлестіктер «ресми тіркеуден өтпесе де, жиындарын өткізе бергені үшін» жазаланған.

Солтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер басқармасының экстремизммен күрес бөлімінің бастығы Қанат Амрин: «Діни бірлестік жетекшілеріне қатысты деректер жиналып, облыстық әкімшілік сотқа жіберілді. Сот шешімі бойынша барлығына 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды» деп мәлімдеген.

Полиция дерегі бойынша, бұдан бөлек, «діни әдебиеттерді заңсыз сатумен айналысқан» алты орыннан 38 кітап, 5 үнпарақ, 3 диск тәркіленген.

Ақпанның 1-і күні дін істері агенттігінің басшысы Қайрат Лама Шариф «заңсыз жұмыс жасап жатқан 45 сайттың» анықталғанын хабарлады.

Елдегі 1900 сайттың сарапталғанын жеткізген ол «діни-экстремистік топтардың ақпараттық алаңы белгілі бір дәрежеде тарылғанын» мәлімдеді.